Президент Құттықтауы | Президенттің өмірбаяны

Президенттің өмірбаяны

Чан Йан Бэнг 1936 жылы Кореяда дүниеге келген. 1963 жылы Йонсей университетін үздік бітіріп, экономика саласынан өз білімін жалғастыру үшін АҚШ-қа келеді.

Д-р Бэнг ph.D. дәрежесін алғаннан кейін Лос-Анджелестегі Калифорния университетінде экономикадан сабақ береді, 1978 жылы Сан-Франциско университетінде уақытша жұмыс істейді, ал 1978 жылдан 1988 жылға дейін осы университетте Азия және Тынық мұхит зерттеулер институтының атқарушы директоры міндетін атқарады. КСРО-дағы экономикалық реформалар, Корея мен Солтүстік Кореяның экономикалық дамуы туралы ғылыми еңбегін жариялайды. 1971 жылы Колорадо университетінің экономика кафедрасында және 1974 жылы Лос-Анджелестегі Калифорния университетінде оқытушылардың арасында ең жоғары бал алған ол өзінің оқыту әдістемесінің нәтижесінде танымал болды.

Д-р Бэнг Қазақстанға 1990 жылы келіп, экономикалық саясат мәселелері бойынша кеңес беру, Қазақстанда нарықтық реформалар мен жекешелендіру жұмыстарын  іске асыру барысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен жұмыс істейтін Сараптау комиссиясы төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды.

Кейін д-р Бэнг 1992 жылы Алматы қаласында посткеңестік кезеңдегі  Қазақстан экономикасының қалыптасуына жетекшілік ететін басшы позициялар үшін білікті мамандар даярлау  міндеті жүктелген  Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтының негізін қалаушы-президенті болды. Оңтүстік Кореяда  өткізген біраз уақыттан кейін д-р Бэнг Қазақстанға қайта оралып, 1997 жылы ҚМЭБИ Қамқоршылар Кеңесінің төрағасы, ал 2000 жылы  ҚМЭБИ Президенті болды.

Д-р Бэнг Қазақстанға қайта келісімен, ҚМЭБИ үш магистрлік бағдарламасы бар мемлекеттік жоғары оқу орнынан танымал институтқа айналып, оның базасында бакалавриат пен магистратураның жеті бағдарламасы жұмыс істей бастады. 1998 жылдан бастап студенттердің саны он есе ұлғайды, институт аумағы көріктендіріліп, кітапхана мен оқу корпусының жаңа ғимараттары бой көтерді және спорт орталығына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

2004 жылы д-р Бэнгтің басшылығымен ҚМЭБИ жеке меншік  коммерциялық емес жоғары оқу орнына айналды. Соған сай институт  акцияларының үлесі келесі түрде бөлінді: акцияның 40%-ы  Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне, ал 60%-ы

д-р Бэнгке тиесілі. ҚМЭБИ толығымен тәуелсіз жоғары оқу орны болып табылады, 1992 жылғы Жарғыға сәйкес оның мақсаты – Қазақстан азаматтарына заманауи үлгідегі жаңа білім беру.

Д-р Бэнгтің ҚМЭБИ-ге қатысты тұжырымдамасы Орталық Азиядағы даму үдерісін басқаратын көшбасшылар мен ғалымдарды даярлаумен айналысатын дүние жүзіндегі ең озық және ең жаңа үлгідегі университетті құруға келіп саяды. ҚМЭБИ Қазақстанның мемлекеттік және жеке меншік секторларының субъектілерімен кең ауқымды байланыстарды қолдап, оны белсенді түрде дамытып қана қоймай, дүние жүзінің ең таңдаулы деген 75 халықаралық жоғары оқу орнымен де бірлесіп жұмыс істеуді жүзеге асырып отыр. Бұл тұжырымдама «Әлемдік деңгей» деп аталатын құжатта берілген. Құжат мазмұны  көпшілік таныса алады.

Бос уақытында д-р Бэнг кітап оқығанды, үстел теннисін ойнағанды және өзінің отбасымен бірге демалғанды ұнатады.